Гүзәл Яхина: Еділ балалары да жақсылықтан үміттенді

Өткен жылы татар жазушысы Гүзәл Шәмілқызы Яхинаның «Зүлейханың оянуы» атты романы Қазақстанның «Фолиант» баспасынан жарық көрді (Қазақ тіліне аударған – Мақсат Дүйісмағанбет). Әлемнің 21 тіліне аударылып, үш жүз мыңнан астам тиражбен таралған. Гүзәл ханыммен сұхбаттасып, өз шығармашылығы, романдарының астары және қазіргі әдебиет туралы ой бөліскен едік.

– Гүзәл ханым сіз «Зүлей­ха­ның оянуы» атты рома­ны­ңыз­бен әлемге танылдыңыз, ке­­зінде Гарсиа Маркес барлық шы­­ғармаларын әжесінің айт­қан әңгімелерінің желісі бойын­ша жазғанын жақсы білеміз, ал сіз жазған «Зүлейханың оянуы» да әжеңіздің өмірбаянына не­гіз­делгенін естідік. Әжеңіз ро­ман­дағы бас кейіпкер Зулей­ха­ның прототипі ме?

 – 1930 жылдың қаңтарында КСРО-да бай шаруаларға қарсы кең ауқымды науқан басталды, бұқара әп-сәтте мүлкінен айырылып, кеңес одағының шалғай, адам қоныстанбаған аймақтарына: Сібірге, Қазақстанға, Алтайға жер аударылды, өз меке­нінен қуылды. Менің романым осы оқиғалар туралы баяндайды. Жоғарыда айтқан оқиға КСРО-ның бүкіл шаруаларына әсер етті: 3 миллион адам жер иелігінен айырылды, 6 миллионы «еңбек қоныстары» (жер аударылғандар үшін арнайы қоныстар) деп аталатын жерлерге баруға мәжбүр болды. Сол алты миллионның бірі менің әжем болатын. 1930 жылдың қаңтарында оның ата-анасы жерінен айырылды, әжем ол кезде 7 жаста екен. Олар жол бо­йымен жүре беріпті, ауылдан Қазан қаласына атпен, содан кейін бірнеше күн пойызбен Красноярскіге, одан әрі Енисей бойымен Ангараға дейін босып барыпты. Әжемнің бүкіл балалық, жастық шағы Сібірде айдауда өтті. Сол жерде педагогикалық училищені бітіріп, 1946 жылы ғана туған ауылына оралды. Содан кейін әжемнің үшінші өмірі бас­талды: біріншісі – ауылға жер аударылғанға дейін, екіншісі – Сібірде, үшіншісі – кейінгі бейбіт өмірі, онда балалары, немерелері, студенттері қасында болды. Әжем тірі кезінде өкінішке қарай, оның трагедияға толы естеліктерін дик­тофонға түсірмеппін. Кейбір айтқан әңгімелері кейде есіме оралады, бірақ көбі уақыт өткен сайын ұмытылып қалды. Мысалы, жасөспірімдердің Ангара өзенінде алтын жууға арналған елеуіш жасап, алтынды қалай жуғаны жө­нінде айтқан әңгімелерін есі­ме сақтай алмаппын. Әжем жеті жыл бұрын бақилық болды. Ал алғашында оның айдауда жүргенде қандай азаптарды көр­генін түсіну, сезіну, елестету үшін ғана сталиндік қуғын-сүргін тақырыбы мені қызықтырды. Кейінірек ойыма кітап жазу идея­сы келді. Сондықтан бұл оқиға менің отбасыма қатысты деп айта аламын. Тағы бір жайт, сіз айтып отырған бұл роман бастан-аяқ өмірбаяндық хикаяны баяндамайды. Менің кейіпкерім Зүлейха әжеме шамалы ұқсайды. Әжем кішкентай кезінде Сібірге барып, сол жерде өсіп, қалыптасты. Мен үшін ересек әйелдің қалай өзгеретіні туралы айту әлдеқайда қызықты болды. Романның басында кейіпкер Зүлейха 30 жас­та. Әжемнің өмірінен мен уақыт кезеңін (1930-1946) және жол картасын алдым, бұл азапты сапар ауыл-Қазан-Красноярск-Ан­гара өзені және сол кездегі тұр­ғындар жер аударылған күн­көріс нашар тайгадағы шалғай өңірді қамтиды. Осы кітабыма әжемнің естеліктеріне негізделген трюмде қамалған бірнеше жүз тұтқыны бар баржа өзеннің ортасына қалай батып кеткені және қуғындағы профессордың әжеме өз оқулығымен математикадан сабақ бергені туралы екі эпизодты қостым. Ал романдағы өзге эпизодтардың бәрі отызыншы жылдар ойранына ұшырап басқа жаққа кеткендер туралы естеліктерден, диссертациялар мен ғылыми еңбектерден, деректі фильмдерден, Мәскеудегі ГУЛАГ мұражайының материалдарынан алынды. Романдағы оқиғалардың көзге көрінбейтін кей тұсы мен тұрақты «қаңқасы» нақты тарихи шындықтан құралған. Ал осы кітаптағы біраз оқиғаларды жазуда кейіпкерлердің жеке әңгімелерін аталған «қаңқаға» сыйғызу қиынырақ болды. Әрине, романда шығармашылық қиял да бар, түптеп келгенде, бұл тарих оқулығы емес, көркем шығарма.

Осы шығарманы жазу барысында жеке психологиялық мақсаттарға баса назар аудардым. Мен үшін ата-әжелеріміздің туып-өскен, есейген, жастық ша­ғы өткен жылдарды зерттеу өте қызықты. Қиын-қыстау күндерді басынан өткізген сол ұрпақ маған өте қымбат, олардың өмірін кіта­быма кейіпкер еткенім үшін қат­ты қуандым. Бұл роман маған көп экономикалық пайда әкелді, мен қазір шынымен бай жазушы қатарындамын, бағыма қарай екі жақтағы ата-әжелерімнің көзі тірі болды, олар маған көп уақытын арнап, өткен оқиғаларын айтып берді. Өткен ғасырдың бас жағында дүниеге келген ұрпақ менің шығармашылығыма өте жақын. Тіпті олардың өмірі үлкен жұмбаққа толы. «Зүлейханың оянуы» атты бірінші романымда мен жерінен айырылған, жер аударылған байлар және Сібірдегі еңбек қоныстарының өмірі туралы шындықты жазуға тырыстым. Осы арқылы өте күрделі, қатал өмірді түсініп, оның құпиясын, әжемнің өзіне тиесілі мінезінің сырын ашқым келді. Соңғы шыққан «Самарқанға бағыт алған эшелон» атты романымда осы тақырыпқа қатысты шағын жеке байланыс бар деп ойлаймын, бұл да мен үшін өте маңызды. Менің атам көпбалалы шаруа отбасынан шыққан, 1917 жылдан кейін, аштық енді ғана басталғанда балалар үйіне жіберіледі. Атам ол жерден қа­шып, басы ауған жаққа қаңғып, 1920 жылдары өзі сияқты басқа да босқындармен бірге пойызбен Түркістанға жіберіледі. Сөйтіп, атам аман қалған екен.

Дәл сол кездегі алғашқы ке­ңес­тік онжылдықтарда қазір біз­де бо­лып жатқан оқиғалардың негізі қаланды. Сол жылдары, бас­­шы­лардың сөзімен айтқанда, «адам массасынан» кеңес азаматы қа­лыптасты, меніңше, олар әлі тірі сияқты. Ал кеңес өкіметінің алғашқы онжылдығында пайда болған сағат механизмі әлі күнге дейін біздің ішімізде сыртылдап тұр. Сондықтан, кешегі кеңестік уақытқа қатысты романдар жазуда мен шындықтан алшақ кеткім келмейді, керісінше, жүз жыл бұрынғы оқиғаларға үңіліп, бүгінгі өзімізді жақсырақ түсінуге тырысамын.

– «Зүлейханың оянуының» эпилогы оқырмандарға жылы сезім сыйлайды. Бас кейіпкер қанша қиындық көрсе де, еш мойымайды. Бұл романды бас­тағанда, оны қалай аяқтауды жоспарладыңыз ба?

– Бұл роман нүктемен емес, көп нүктемен аяқталады. Кейіп­кер сүйікті ұлының Сібір жерінен қашып кеткенін көріп, оның тағдыры қалай боларын елес­тете де алмайды. Үйге қайтар жол­да ол өмірдегі жалғыз ма­хаб­баты болған және қарым-қатынасы нәтиже бермеген адамды кездестіреді және бұл кездесу, мүмкін, қарым-қатынастың жал­ғасуын білдіреді. Мен атал­ған романның оқырманды жалық­ты­рып жібермеуін көз­дедім, кі­тапты қолына алғаннан кейін оқырман біраз уақыт бойы онымен бірге өмір сүріп, кейіпкерлер тағдырының траек­ториясының әрі қарай қалай өрбитіні туралы болжам жасауға ұм­тылады. Сонымен бірге, ке­йіп­кер Зүлейханың ұлы­мен қоштасу сәті оның ішкі түр­ленуіндегі ең маңызды сәті саналады. Романда оның өмірі күйеуінің үйіндегі күң ретінде басталып, одан соң аңшы, ақша табушы және асыраушы әйел, басқа адамға еркіндік бере алатын жан ретінде аяқталады. Жал­пы алғанда, бұл роман әйел­дің, ер адамның, тіпті сыртқы еркін­діктің жоқтығы жағдайында, яғни ГУЛАГ жүйесінде ішкі еркін­дікке қалай қол жеткізуге болатыны туралы сөз қозғайды. Транс­фор­мация болғаннан кейін оқиға аяқ­талуы керек қой.

Еділ балалары және кеңес ертегісінің жүзеге аспауы

– «Менің балаларым» атты шы­ғармаңыз да сәтті шық­қан туындының бірі. Оқыс оқи­ғадан кейін кейіпкер үнсіздік ішінде өмір сүруді қалайды, қы­­­зына қолдау көрсету үшін ол жергілікті неміс газетіне бала­ларға арналған ертегілер жазады. Осы шығармадағы Бахтың өмір үшін күресі, табандылығы бақытқа жетудің қаншалықты қиын екенін түсіндіреді. Бақыт­ты болу дегенді қалай түсінесіз?

– «Менің балаларым» атты романым «Еділ балалары» деп те аталады. Бұл шығарма әлі қазақ тіліне аударылған жоқ. Романның бас кейіпкері – ауыл мұғалімі Бах. Мен сол кейіпкер арқылы «кішкентай адамның» классикалық мінезін жасай алдым, бұл стиль Гоголь мен Пушкиннен басталып, Чехов, Горький сияқты көптеген орыс жазушыларына мұра болып қалған дәстүр. Ауылдағы мектептің әде­биет пәні мұғалімі Бахтың тағ­дыры тығырыққа тіреледі, өте қиын өмір сүреді: революция, азамат соғысы және әскери коммунизм, шаруаларға қарсы күрес, ұжымдастыру, аштық, қуғын-сүргін – осындай қорқы­нышты оқиғалардың бәрі кіш­кентай Еділ өзенін қамтиды. Бар­лық отарлаушылардың (және кеңес мемлекетіндегі миллион­даған басқа «кішкентай адам­дардың») өмірін түбегейлі өзгерт­кен колония да осында болды. Бах қатыгез заманға қарсы тұ­рудың өз жолын табады, отбасымен бірге оңаша фермада өмір сүреді. Кейде ол өзгелерден бойын аулаққа салып, жасырынып та жүреді. Бірақ романның соңы басқаша сипат алады, мейлі кім болсаң да, тарих ағымынан қашып құтыла алмайсың, әрқашан өз еліңнің тарихының бір бөлігі болуың керек. Міне, осы ой аталған рома­нымның тақырыбы, мен сол ар­қылы тарихтан қашып құтылам деген адамның сол қоғамда өмір сүре алмайтынын нақты жауап ретінде айтқым келді.

Тарихи оқиғалар Бахты шын­дықтан қашуға деген ұмтылысын селге кетіреді. Міне, осылайша ай­налада болып жатқан үлкен тарихи оқиғалар қарапайым мұ­ға­лімді нағыз қаһарманға айналдырады. 1916 жылдан 1938 жылға дейінгі жиырма екі жыл­дық барысты қамтитын бұл романда Бах сүйікті әйелін жо­ғал­ту қорқынышы, баланың ден­­­сау­лы­ғы мен өмірі туралы үрей, өз шығармашылығының тағды­ры сияқты жеке ба­­сына тиесі­лі қор­­­қы­ныштарды жеңуге әре­к­ет жа­сай­ды. Үнсіздік күйі­нен қай­­­та­дан бұрынғы күйіне ауысады.

Роман осы қоғамда өмір сүру және одан алшақтау мүмкін бе? Бұл тығырықтан шығудың жолы ма: айналада болып жатқан оқи­ғалардан жасырынып, үнсіздік таныту қиын ба? Ал аға буын кенет үнсіз қалса, әке мен бала арасындағы байланыс үзіле ме? Бұл түптеп келгенде – өз балалары үшін күресте жеңілудің бір түрі ме деген ұлы сұрақтарға жауап іздейді. Аға буынның үн­­сіздігі, балаларды қорғауға деген ізгі ниет «Менің балаларым» атты романымның негізгі тақы­рыптарының бірі болды. Қазір Ресейде көптеген адамдар өзде­рінің ата-бабалары туралы өте аз біледі: бұл ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қайғылы оқиғаларға қатысты, оның үстіне отбасылық дәстүрдің үзілуіне және бұрмалануына, сондай-ақ Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында өмір сүрген адамдардың үнсіздігімен тікелей байланыс­ты. Сол үшін оларды «үнсіз ұр­пақ» деп текке айтпаған. Менің кейіпкерім Яков Иванович Бах – осы «үнсіз ұрпақтың» символы. Олар 1917 жылғы төңкерiстi, азамат соғысын, бүлікшілікті, алапат аштықты да, сталиндiк қуғын-сүргін мен Екiншi дүние­жүзiлiк соғысты да өз көзімен көрді. Бірақ олар үнсіз қалды, үнсіз кетті. Менің атам Екінші дү­ниежүзілік соғыстың төрт жылын түгелдей майданда өткізді, ал ол өмір бойы маған соғыс туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ.

Сіз сөз етіп отырған романы­ма көп ертегі мен мифология кірістірдім. Басты кейіпкер, педагог Бах ертегілерді өзі жазады, бір күні ол неміс фоль­клор­лық әңгімелерінің кеңестік кезең­нің алғашқы жылдарындағы шын­дыққа сәйкес келетінін елес­тете бастайды, қатыгездікке толы неміс ертегісі қатыгез ком­му­нис­тік ертегімен біріктіріледі. Ал­­ғашында ертегілер жайдары, кө­ңілді, мазмұнға бай, жақсы өмірге жетелейтін сипат­та еді, содан кейін гномдар ки­бутцим астында алтын екшеп, бұрын-соңды болмаған көп мөлшердегі бидаймен қамтамасыз етеді; онда колхоз бұршағы көкке қарай бой түзеп жайқалады; кеңес жұ­мысшылары неміс ерте­гіле­рінің кейіпкерлеріне ұқсайды т.б. Бір­ақ біраз уақыттан кейін ерте­гі­лер басқаша күйге ауысады: мұң­ды, қатыгез, тіпті трагедиялы жағдайда болады ... Көптеген кейіп­керлердің есімдері неміс ертегілеріне сілтемелер береді: романда коммунист Гофман мен бай шаруа Грин басты рөл атқарады. Мен тіпті кітаптың метафоралық сериясын неміс фольклорын тұспалдап оқуға болатындай етіп құрылымдауға тырыстым. Бах – кеңес өкіметінің құрылуына аз уақыт қалғанда және оның алғашқы онжылдығында дүниеге келген адамдардың өкілі. Ол бақыт туралы армандап, оған жетуге құлшынады, өмір бойы сол үшін күреседі. Үлкен тарих өз беделін қалыптастырып жатқан тұста, бақыт ұғымынан мән кете бастайды. Біз қазір Ресейде де осындай жағдайды бастан өткізіп жатырмыз: соңғы айларда болған оқиғалардың бәрі кейін тарих кітаптарына енеді. Біз үлкен тарих дөң­гелегінің ішіндеміз, ол қа­зірдің өзінде үдеп, кере­мет жылдамдықпен дөңгелеп барады және бұл жағдайда бақыт туралы айту біртүрлі.

– Бұл романдағы кейіпкердің тағ­дыры өте аянышты. Шы­ғар­­маны оқығаннан кейін оқыр­­ман күйзеліске тү­се­ді деп ой­ла­мады­ңыз ба?

– Романда суреттел­ген қа­был­дауға ауыр және үрейлі эпизодтар­дың өлшемі әрқашан ма­ңызды. Кей оқыр­ман­ға тым аянышты болып сезілгенімен, өзге бір оқыр­манға басқаша әсер етуі мүмкін. Менің үш романым да бірдей сын­ға ұшыраған кездері болды: кейбіреулер бұл шығар­ма­ла­рымды кеңестік дәуірді дә­ріптеп, ақтаған, түсі­ніксіз тари­хи қиял-ғажайыпқа толы шығар­ма десе, енді біреу­лері кеңестік дәуірді сынға алды, оқырманға үрей сал­ды, эмоцияға ерік берді деп айып­тайды.

«Менің балаларымда» ірі оқи­ғалардағы трагедиялар қи­сынды суреттелген деп ойлаймын, кейіпкердің адал махаббаты – алдымен әйелге, содан кейін баласына арналады. Еділ немістерінің күнделікті өміріндегі көптеген қызықты оқиғалары; комикстердің көріністері және фильм баяндары да бұл кітапта назардан тыс қалмайды.

 – Өзін өзі жеңетін, өмірмен бетпе-бет келе алатын адамды Еділге теңепсіз...

 – Еділ туралы бір мақала жа­зып, оны осы шығарманың кейіпкерлерінің сөзі еткім келген еді. Осы романның бірінші сөзі – Еділ. Шығарманың соңы да осы сөзбен аяқталады. Шығармадағы соңғы көрініс Еділ өзенінде өтеді. Бұл өзен мақал-мәтелдерде, жырларда, батырлық дастандарда жиі баяндалады. Романымдағы Еділ жай ғана өзен емес, ол негізгі та­биғи болмыс, сұлулықтың көзі, кейде қуаныш пен қайғыны бөлі­сетін дос, кейде қауіп қайнары ретінде суреттеледі. Оның үстіне Еділдің өзі тұнып жатқан тарих. Кейіпкер Бахтың ойынша, жағада тұрып-ақ, оның ағысын биік жартастан бақылауға болады. Бірақ ерте ме, кеш пе осы тарихқа еніп, оны­мен қосыла ағуға да тура келеді.

– Ұлы жазушыларға елік­тедіңіз бе?

– Жоқ ешқашан олай істеген жоқпын. Оның үстіне әр шығар­мамды жазғанда көркем әдебиетті мүлде оқымауға тырысамын. Онсыз да бұрын бір рет оқылған кітаптардың жазатын шығармаңа ықпалы орасан зор екені анық. Біздің өміріміз оқыған кітаптар мен көрген, естіген, сіңірген мә­дени құндылықтарымыз арқылы қалыптасады. Бірақ мен бұл әсер­­ді күшейтпеуге тырысамын. Менің ойымша, «іргелес сала­ларға» назар аудару да өте пайдалы: музыка, драма, кес­кіндеме, мүсін және поэзия жа­зуға жақсы көмектеседі.

Кешегі күнді жақсы білмей, ертең туралы ойлана алмаймыз

– Шығармаларыңызда татар халқының мифтерін пайдалана алдыңыз ба?

– Мифология мен үшін өте маңызды тақырып. «Зүлейханың оянуы» атты романымда сюжет­тің негізін екі шығыс мифі құ­райды, бұл – Жүсіп пен Зүлей­ха туралы Құран хикаясы мен отыз құс туралы аңыз еді. «Ме­нің балаларымда» көп эпизод неміс ертегілеріне негізделіп, неміс фольклорына басымдық бе­реді, ал неміс ертегісінің өзі мәтін­­нің негізгі метафорасы, мұны жоғарыда мен жүзеге аспай қалған кеңес ертегісінің метафорасы деп айттым. Ал үшінші кітабым «Самарқанға бағыт алған эшелонда» інжіл мифіне нақты тұспал кездеседі, аш балалар отырған пойыз жол бойында түрлі ұлт балаларын отырғызады, бұл өлімнен өмірге апаратын Нұхтың кемесінен еш кем емес. Мифке сүйенген кезде жазу оңайырақ болады. Көбінесе мен мифологияны фольклорлық немесе библиялық, құрандық мәтіндерді негіз етіп жиі қолдандым.

– Бүгінгі татар әдебиетінің деңгейі қандай?

– Мен өмірімнің көбін Мәс­кеуде өткіздім, Татарстанды сырт­тай бақылаймын. Сондықтан татар әдебиеті туралы, өкінішке қарай, көп ештеңе айта алмаймын, 1990 жылдармен салыстырғанда, ондағы жастардың татар тілінде (тек күнделікті деңгейде ғана емес, әдеби деңгейде де) жақсы сөй­лейтінін білемін.

– Жазушының тарихты жақ­сы білуі міндетті ме?

– Өз тарихын білу тек жазу­шыға ғана емес, кез келген адамға пайдалы, тіпті бұл өте қажетті іс. Кешегі күнді жақсы білмей, ертең туралы ойлана алмаймыз. Тағы бір жайт, мен өз шығармаларымды таза тарихи сипатқа ие деп ойлаймын. Үш романымды бір мезетте тарихи және тарихи емес күйде қабылдайтындай етіп жа­зуға тырыстым, олар белгілі бір кезеңнің бейнесі ретінде ескір­мейтін тақы­рыптарды ашады. Мен үлкен тарих аясында «кішкентай адам­ның» пор­третін жасап қана қой­май, сол арқылы тарихи кейіп­кердің жеке өмірін суреттеп, дамыта түстім. «Зүлейханың оянуы» романымда бұқараның жер­сіз қалуы, кулактардың жер ауда­рылуы, ГУЛАГ жүйесіндегі еңбек қоныстарының өмірі әйел­дің жеке метаморфозысымен басталады. Ал «Менің бала­ла­рым­да» Еділ немістерінің тарихы мен «халықтар көсемі» Ста­линнің аз санды ұлт­тарға деген көзқарасы өмір бойы сыналған ауыл мұғалімінің үрейлі көзімен бейнеленді. «Са­мар­қанға жол алған эшелон» романында 1920 жылдардағы аштық «жазадан қашып құтыла алмас» кейіп­кердің трагедиясымен астасып, өміріне қауіп төнген 500 бала өзге ересек кейіпкерлер үшін адам­гершілік өлшеміне айналады.

– Сіздің екі романыңыз қазақ тіліне аударылып, «Фолиант» бас­пасынан жарық көрді. Қазақ оқырмандарына не айтасыз?

– Екі кітабымның қазақ тіліне аударылғанына қуаныштымын. Жақында «Менің балаларым» атты романым да сіздермен жүздеседі деп сенемін. Оның үстіне Еділ немістерінің тақы­рыбы Қазақстан тарихымен өте тығыз байланысты. Ай­тып отырған романымдағы кейіп­­кердің бірі көше баласы Васка не баш­құрт, не қазақ болуы мүм­­кін. Мен екі рет Алматыда бол­дым, ол жерден керемет ыс­тық сезіммен қайттым. Өткен ғасыр­дың 30-жылдарындағы жері­нен айырылу және 1940 жыл­дардағы кеңестік немістердің жер аударылуы кезіндегідей Қазақстан бүгінде халықаралық күрделі мәсе­лелерді шешетін мәмілегер елге айналды. Мен Қазақстан мемле­кетіне және оның халқына осы жақ­сылықтары үшін, жүз жыл бұрын да, қазір де көмектесуге дайын бол­ғаны үшін үлкен алғыс айтамын.

Товары, упомянутые в статье
В наличии
Предзаказ
арт. 978601271334-3
3 570 тг.
Предзаказ
Предзаказ успешно отправлен!
Имя *
Телефон *
Добавить в корзину
Название товара
100 тг.
1 шт.
Перейти в корзину
Обратный звонок
Запрос успешно отправлен!
Имя *
Телефон *